Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі астаналық департаментінің, Астана қаласы әкімдігінің басшылығы, аудан әкімдері, азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайтында.
Кездесу барысында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістер мен жаңалықтар түсіндірілді, сонымен қатар жаңа мемлекеттік аппарат қалыптастыру бойынша бірінші институционалдық реформаны іске асыру мәселелері талқыланды. Департамент басшысы Тілеген Каскин өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жаңа кәсіби стандартын қалыптастыру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының өзекті талабы болып табылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында мемлекеттік қызметтің жаңа Әдеп кодексі таныстырылды. «Жаңа кодекс мемлекеттік қызметшінің түрлі жағдайлардағы, қызмет уақытындағымен қоса қызметтен тыс уақыттағы және әріптестермен қарым-қатынастардағы, мінез-құлық стандарттарын айқындайды», - деді Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі міндетін атқарушы Бауыржан Жаубасов.
Шара соңында дөңгелек үстел қатысушылары әдептік мінез-құлық стандарттарын ұстану тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Бұл - Мемлекет басшысы әрбір мемлекеттік қызметшінің алдына қойған басты міндет.