Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінде Республикаға шетелдік инвестицияны тарту және шетелдік әріптестермен бірге бірлескен кәсіпорындар құру қажеттігі туралы бірнеше рет айтып өткен болатын. Естеріңізге сала кетейік, Президент биылғы Жолдауда кәсіпкерлік субъектілерінің бірлесуі мен кооперациясының рөліне, сондай-ақ елдің өндірістік әлеуетін жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда «COCAD «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар қауымдастығының қызметі сол тапсырмаға қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, ұйым әлемдік нарықта отандық өндірушілердің мүдделерін қорғай отырып, кәсіпкерлікті жан-жақты дамытуға ықпал етуді, экономика, ғылым, сауда-саттық саласында әріптестерді табуға жәрдемдесуді, сондай-ақ, елімізде, шетелдерде сауда-экономикалық қарым-қатынастардың барлық түрін дамытуды ниет етеді.
«COCAD «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар ассоциациясы өз қызметін мемлекет қолдауымен жүзеге асыратын болады. Ол елімізде 2017 жылдың сәуірінде құрылды. Аталған заңды тұлғалар қауымдастығы Қазақстанда және Орталық Азияда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мүшелігі негізіндегі ұйым болып табылады.
Қызметі еліміз үшін аса қажетті мақсатқа бағытталған қауымдастықтың атқаратын міндеті салмақты. Шара аясында бұл жайлы спикерлер кеңінен әңгімелеп берді. Олардың айтуынша, «COCAD «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар ассоциация қызметінің негізгі бағыттары мыналар:
- инвестициялаудың негіздемелік жағдайлары туралы ақпаратты ұсыну;
- инвестицияларға жәрдемдесу (өндірістерді жаңғырту жобаларын және кәсіпкерліктің жаңа жобаларын сәйкестендіру мен қаржылық қолдау);
- бірлескен кәсіпорындар, техникалық және қаржылық әріптестіктерді құру бойынша әріптестерді табу;
- Ассоциация мүшелеріне мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңестер беру;
- ішкі және сыртқы сауда-саттықты ұйымдастыруға жәрдемдесу;
- шет елдік әріптестермен байланысты қолдау және тиісті келісімдерді жасау, халықаралық қоғамдық бірлестіктерге түсу.
Бүгінгі таңда актуалды алғашқы міндеттердің қатарына Қазақстанның инвестициялық әлеуетін бағалау, Қазақстанның нақты инвестициялық жобаларына инвестиция тарту, Ассоциация мүшелігіне түсуге мүдделі компанияларды ақпараттандыру сияқты бастапқы қажеттіліктер жатады.
Сондай-ақ, ынтымақтастық туралы онға жуық келісім-шарттарға қол қою жоспарланып отыр. Аталған келісім-шарттардың негізгі бір бөлігі жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің механизмдерін пайдалану арқылы жүзеге асыруға қатысты болмақ. Сондай-ақ, елімізде әлемдік деңгейдегі модераторлар мен спикерлер қатысатын іскерлік кездесулер, «Қазақстан инвестициялар үшін ашық» роуд-шоуын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстанда қаржылық технологияларды дамыту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайту, еліміздің инвестициялық ахуалы және Еуропа елдерінің осы жайлы көзқарастарын бағамдау, экономиканың нақты секторларына инвестициялар құю қатарлы маңызды мәселелер де талқыланды.