Елордада жаңа өрт сөндіру депосы салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана аумағында үш жерден өрт сөндіру депосы салынуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуанар Базарбаев мәслихат депутаттарына осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуанар Базарбаев Үркер кентінде өрт сөндіру депосы салынатынын айтты.

«Бүгінгі таңда біз 3 өрт сөндіру депосы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 28-ші көшеде орналасқан депо бойынша жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Тағы бір депо бойынша құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Үркер кентіндегі депоға келсек, биыл мұнда да өрт сөндіру депосының құрылысы басталады. Қазір конкурс жүруде. Ақшасы дайын тұр. Байқау рәсімдерін шілде айының соңында аяқтау жоспарланған», - деп жауап берді Қуанар Базарбаев депутаттардың сауалына.