Елордада жаңа Жұмыспен қамту орталығы ашылды

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жұмыссыз жүрген елордалық азаматтарды еңбекпен қамту және қайта оқыту шараларының көлемі мен сапасын арттыру мақсатында жаңадан ашылған Жұмыспен қамту орталығында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты жаңа Орталық Кенесары және Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан. Орталық азаматтарды қабылдап, құжаттарын тіркейтін және анықтамалық ақпараттар беретін залдардан тұрады. Сондай-ақ онда заңгер және психолог мамандардан кеңес алып, бос орындар базасымен танысуға болатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау залы жұмыс істейді. Қала әкімінің айтуынша, Жұмыспен қамту орталығына күнделікті 300-ге жуық адам жұмыс іздеп келеді. Жыл басынан бері олардың саны 8 мыңға жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2708 адамға көп. Бүгінде «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 19 мың 623 азаматты қамту жоспарланған. Бағдарлама аясында Үкіметтен бөлінген 10 миллиардқа жуық теңгеге 3 мың 977 адам еңбекпен қамтылатын болады. Олар үш негізгі бағыт - аурухана, мектеп және жол құрылыстарына жіберіледі. Сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бағдарламасы да кеңейтілді. Жұмыстың бұл түрімен 2 мың 256 адам қамтылса, білім беру мекемелерінің 1 мың 521 түлегі Жастар тәжірибесінен өтетін болады. Сонымен қатар 11 мың 867 адамды қайта мамандандырып, біліктіліктерін арттыру көзделуде. Бұл мақсатқа ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1 миллиард 366 миллион теңге бөлінді. Қурсқа қатысушы азаматтарға 7 мың 500 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Бұдан өзге бүгінде 1571 елордалыққа 20 мың мен 40 мың теңге аралығында жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы берілуде. Жәрдемақының көлемі азаматтың бұрынғы жұмыс орыны аударған әлеуметтік төлемдерге байланысты.