Елордада «Жанұя» отбасы институты қандай әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Әсемгүл Садыр Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі бастамаларын іске асыру бағытында атқарылған жұмыстар жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігі тарапынан әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды қолдап, жалпы қала тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту негізінде 2019 жылдың 26 тамызында қала әкімдігінің жанынан «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы пилоттық жоба ретінде ашылған болатын.

Орталық бөлімдерінің қызметінің мақсаты - отбасы институтын жан-жақты қолдау және нығайту, орталыққа келетін отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен консультациялар беру, оларға қолдау көрсету, мәселелерін толық шешуге көмек беру, халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтау болып отыр. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау, азаматтардың өтініштерінің қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңде орындалуын қадағалау және отбасын қолдау.

«Орталық пилоттық жоба режимінде өз жұмысының жоғары сұранысқа ие екенін көрсетіп, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіні қолдауымен 2020 мамырынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып ресми түрде жұмыс атқаруда. Орталық «бір терезе» қағидатына негізделіп, (көп балалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және тағы басқа) азаматтардың жекеленген санаттарына кешенді консультациялық қызметтер көрсетеді», - деді Әсемгүл Садыр елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, «Жанұя» орталығының базасында мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мекемелерінің қызметін ұйымдастыру арқылы отбасының әлеуметтік мәселелерін кешенді түрде шешу жүзеге асырылады. Орталықта «бір терезе» қағидаты негізінде елордалықтар үшін 7 мемлекеттік ұйым мен квазимемлекеттік мекемелерінің 15 қызмет түрлерін алу мүмкіндігі бар.

Осы орайда қиын өмірлік жағдайға түскен әрбір отбасымен жекелей жұмыс жүргізіледі. Мәселен, 2021 жылы 432 отбасының мәселесі қаралды.

«Орталықта құқықтық, психологиялық кеңес алу, қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу ұйымдастырылады. Осылайша, Орталық ашылған күннен бастап, яғни 2019 жылдан бастап психологиялық көмек алу үшін 798, заңгерлік көмек үшін 5090 адам жүгінді. Мұнымен қоса, көмек алу үшін жүгінген 1800-ден астам адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Орталықта аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзіне қызмет көрсету мүмкіндігін жасау үшін, өзіне–өзі қызмет көрсету секторының жұмысы ұйымдастырылған. Портал бойынша 18 000 астам өтініш қабылданды. Ашылған күнінен бастап Орталыққа 114 921 сұрақ бойынша 110 266 адам жүгінді», - деді ол.

Әсемгүл Садырдың сөзіне қарағанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тұрғысында Орталық базасында бекітілген кестеге сәйкес, санитарлық нормаларды сақтай отырып, апта сайын мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары, орынбасарларының азаматтарды қабылдауы ұйымдастырылды. Осылайша, 2021 жылдың 20 мамырынан бастап 11 мекеме азаматтарды қабылдады, онда 800 астам мәселе қаралды. (824 адам, 167 қабылдау). Елорда тұрғындары «Жанұя» орталығының базасында азаматтарды қабылдау туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы, сонымен қатар орталықтың call-центріндегі 27-86-49 нөміріне хабарласу арқылы ала алады.