Олимпиадаға еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларынан, сондай-ақ Көкшетау, Семей, Өскемен, Талдықорған, Астана қалаларындағы Зияткерлік мектептерден қазақ және орыс тілдерінде білім алатын 21 команда қатысады. Әрбір команда 3 оқушыдан тұрады. Жаратылыстану ғылымдары бойынша жасөспірімдердің IV олимпиадасына қатысушылар физика, химия және биологиядан алған білімдері мен практикалық біліктіліктерін олимпиаданың теориялық және эксперименталды кезеңдерінде сынай алады.
Жыл сайын олимпиадаға қатысушы командалар ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, өткен жылы білім сайысына Тәжікстан командасы қатысса, биыл Қырғызстан командалары келіп отыр.
«Қатысушылар білім сайысында көрсеткен нәтижелеріне сәйкес олимпиаданың алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталады. Сонымен қатар Олимпиаданың арнайы сыйлығымен: «Олимпиаданың дара (толық) жеңімпазы», «Олимпиаданың дара (толық) жеңімпаз - командасы», «Ең үздік эксперимент көрсеткен команда» аталымдары бойынша аталып өтіледі», - делінген Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.