Елордада жарылған көліктегі тұлғалардың қандай да бір діни экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ - ҚР Ішкі істер министрі

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада жарылған көліктегі тұлғалардың қандай да бір діни экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ.

Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық отырыстан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов айтты.

Оның атап өтуінше, алдын ала тексеріс барысында жарылғыш заттың құрамында әдетте адам өміріне қауіп төндіретін шеге-болттың жоқтығы анықталған. Машинада болған тұлғалардың қандай да бір діни экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ. Көлік Қазақстанның азаматы, Екібастұз қаласының тұрғынына тиесілі. Ол жеке көлігімен адам тасумен айналысқан. «Қазіргі уақытта біз машина иесінің және тағы бір азаматтың фрагменттерін таптық. Нәтижесін сараптама көрсетеді»,-деді министр.

Оның айтуынша, көлік қалаға жол полициясы бекеті арқылы 12.13-те кірген. Қалада қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Дегенмен азаматтардың алаңдайтындай қауіп-қатер жоқ.

Бұдан бұрын, бірқатар интернет сайттарда Астана қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің уақытша ұстау изоляторы ғимаратының қасында сейсенбіге қараған түні машина жанып, жарылғаны туралы ақпарат шыққан болатын.