Елордада жас жігітті көшеде пышақтаған күдікті ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жас жігітті пышақтады деген күдікпен бұған дейін сотталған 47 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, елорданың 47 жастағы тұрғыны үйіне мас болып келе жатып, бір топ жас жігітке кездесіп қалады. Жастармен арада туындаған жанжал барында ол 18 жастағы бозбалаға пышақ сұғып алады. Жарақаттанған жас жігіт ауруханаға жеткізіледі.

«Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары барысында аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталды. Заттай айғақ – пышақ тәркіленді. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша оқшаулағышқа қамалды. Бұған дейін оның аса ауыр қылмыс жасағаны үшін істі болғаны анықталды. Тергеу жүргізіліп жатыр», - деді департаменттен.