Елордада «Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» атты форум өтуде

әуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, сәуірдің 28-інде Елордада «Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» атты жалпыұлттық форум өз жұмысын бастады. Жастар жиыны ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан жастар конгресі, Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жастар Қазақстанның бірлігі үшін» атты форум аясында басқосу жыл сайын өткізілетін игі дәстүрлердің біріне айналып отыр. Бұл шара мемлекеттік жастар саясаты төңірегінде пікір алмасу, болашақ жоспарларды біріге жүзеге асыру үшін тиімді диалогтық алаң ретінде танылып келеді. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты - мемлекеттік жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылау, рухани, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге жәрдемдесу болып табылады», деді жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.

Сонымен бірге, министр өз сөзінде жастарды және еліміздегі барлық жастар ұйымдарын 2011-2020 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын әзірлеуге белсене араласуға шақырды.

Форум аясында «Жастардың өңірлердегі жетістіктерінің картасы» атты көрме ұйымдастырылып, оның барысында жастар тарапынан жасалған үздік бастамалар мен әлеуметтік жобалар таныстырылды.