Елордада жастар саясаты еуразиялық хабының алаңы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «БҰҰ моделі» атты халықаралық конференция өтеді. Бұл туралы бүгін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келешекте Астанада жастар саясаты еуразиялық хабының тұрақты халықаралық алаңын ашу қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының қолдауымен алыс және таяу шетелдердің студенттері үшін «БҰҰ моделі» атты халықаралық конференция өткізу жоспарлануда. Шараға. Дипломатиялық миссия өкілдері, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатыспақ»,  - деді ол «ХХІ ғасырдағы жаппай қырып-жою қаруын таратпау: Иранның ядролық бағдарламасы және Таяу Шығыстағы бейбіт өмір» атты конференция барысында.

Оның айтуынша, шара аясында «БҰҰ моделі» алаңында әлемдік бас көшбасшылардың қатысуымен Қазақстанның жаһандық проблемаларды шешудегі ұсыныстарын талқылап, оны одан ары тарату көзделеді.

«Қоғамдық дипломатияның мұндай форматы жастар арасында Қазақстанның бітімгершілік миссиясын қалыптастыруда оң әсерін береді деп ойлаймыз», - деді Әмірхан Рахымжанов.

Айта кетерлігі, Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу «Иранның ядролық бағдарламасы және Таяу Шығыстағы бейбіт өмір» тақырыбында баяндама жасады.

Фото: presidentlibrary.kz