Елордада Жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы талқыланды
Кездесуде Жауапты хатшы Ә. Ғалымова Елбасының таяуда жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты мақаласына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Президенттің аталмыш мақаласы елімізді жаңғыртудың жаңа сатысына, ұлттың, мемлекет пен адамның еңбек саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жаңа кезеңнің бастауына айналды.
«Елбасы Н. Назарбаевтың жастар мәселесіне ұдайы көңіл бөлетіні белгілі. Ал жақында жарық көрген бағдарламалық мақалада Президент тапсырмаларының жеке топтамасы дәл осы жастар саясатына қатысты болғаны белгілі. Жалпылама алғанда елімізде бұл бағытта қыруар шаралар атқарылды. Дегенмен, осы саланы тереңдете түскен абзал. Ал соңғы жаңалықтарға келетін болсақ, министрлік жанынан Жастар ісі жөніндегі комитет құрылды. Ендігі күні жастар саясатымен айналысатын өңірлік басқармалар да құрылатын болады», - деп атап өтті Әлия Ғалымова.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жастар ісі комитетін құрудағы мақсат - жастар саясатының, оны жоспарлаудың әдіснамасын әзірлеу, нормативтік қамтамасыз ету, оны іске асыруды үйлестіру. Сондай-ақ, комитет мемлекеттік органдардың қызметін мониторингілеумен бағалауды, осы саладағы бақылауды жүзеге асыратын болады.
Сонымен қатар, Жауапты хатшы Президент тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік тарапынан Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдама жобасы әзірленгенін, оның мақсаты, міндеттері, негізгі қағидаттары мен іске асудағы нәтижелері айқындалғанын жеткізді.
Жиын барысында еліміздегі жастар ұйымдарының басшылары тұжырымдаманы талқылап, соған қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.