16:02, 30 Наурыз 2009
Елордада жастардың көңіл көтеретін 330 нысаны бақылауға алынды - ІІМ
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Есірткі қылмыстарына тосқауыл қою мақсатында Астанада түнгі клубтар мен көңіл көтеру орындары ішкі істер органдарының бақылауына алынды.
Бұл туралы бүгін елордада апталық брифингіде Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана - есірткісіз қала» бағдарламасы аясында елордадағы жастар сауық құратын 330 нысан ұдайы қадағаланатын болады. «Түнгі клубтарда, көңіл көтеретін және жастардың сауық құру орындарында өткен жылы 37 есірткі пайдалану фактісі анықталып, 1,2 киләдан астам түрлі есірткілік заттар тәркіленді. Нашақорлық таралған орындардың 4 иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Екі түнгі клубтың жұмысы тоқтатылды», - деді Б.Қожахметов. Қазіргі уақытта ҚР Парламентінде түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің болуын шектеу жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Б.Қожахметовтің айтуынша, Жасөспірімдер үшін осындай режім енгізу туралы шешім Ресейдің бірқатар аумақтарында қабылданған. Бұл шара оң нәтижелер беруде.