Елордада «Жасыл көпір» институты ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елордада «Жасыл көпір» институты ашылады. Бұл туралы бүгін «Жасыл көпір - «Жасыл» технологияларға, инновациялар мен қолжетімді энергияға көпір» атты халықаралық конференция барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

Министр өз сөзінде «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның Бүкіләлемдік саммитінде көтергенін және ол әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдауға ие болғанын баса айтты.

«Жасыл көпір» серіктестігі жаһандық бастамасының негізгі міндеті - «жасыл экономика» саласындағы білім, инновация және технологияны алмастыру және трансферттеу жолымен экономикалық өсім бойынша Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту», - деді ол.

Сонымен бірге ол 2015 жылы Астана қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Эстония, Ресей, Түркия және Финляндияның үкіметтік емес ұйымдарымен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы» атты халықаралық ұйым құрылғанын еске салып өтті.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін Астанада «Жасыл көпір» институтын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге өткен жылдың қыркүйегінде біздің Президентіміз БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында БҰҰ қамқорлығымен жасыл технологиялардың халықаралық орталығын құру туралы бастама көтерді. Ол кейіннен жаңа технологияларды қолдаудың интеграциялық тетігі бола алар еді. ЮНЕП (БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы) пен БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар мұндай орталықтың құрылуына қолдау білдірді», - деді Қ.Бозымбаев.