Елордада жасырын зертханадан 6 кг синтетикалық есірткі табылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың есірткі қылмысына қарсы полицейлері астыртын есірткі зертханасының заңсыз жұмысын тоқтату бойынша арнайы операция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы үйлердің бірінде Қырғызстанның 24 жастағы тумасы ұсталды. Ол өзі жалдаған үйде синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған.

ҚР ІІМ-нің салалық Департаментінен мәлім еткендей, күдікті қараша айында «есірткіні жасырушы» болып жұмысқа орналасқан. Бір айдан кейін үйді жалға алып, «есірткіні қайнатушы» қызметіне ауысқан. Кейін есірткінің ірі партияларын Telegram мессенджері арқылы көтерме бағамен сатуға кіріскен.



Үйді тінту кезінде 6 келіден астам тұтынуға дайын түріндегі, сондай-ақ 10 литр сұйық түріндегі «α-PVP» (жылдамдық) синтетикалық есірткісі, әртүрлі зертханалық заттар (гигрометрлер, желдеткіштер, өлшеуіш стақандар, пластмасса елеуіштер, 100 дана «zip-lock» полиэтилен пакеттері, электрондық таразылар, респираторлар, скотч орамы, бір рет қолданылатын қолғаптар және бос пластикалық контейнерлер) табылып, тәркіленді.

Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында күдікті есірткіні сату үшін «жасырып» үлгергені анықталды. «Аталған деректі полиция құжаттап, нәтижесінде ішкі істер органдарының қызметкерлері тағы 1 кг «α-PVP» синтетикалық есірткісін тәркіледі.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта есірткілердің түсу арнасын және олардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Айта кету керек, бұл жыл басынан бері ішкі істер органдарының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің жойған бесінші есірткі зертханасы», - делінген полиция мәліметінде.