Елордада жатақхананың 5-қабатында емхана ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде студенттік емхана ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Емхана кабинеттері 2А жатақханасының бесінші қабатында орналасқан. Кіреберісте арнайы монитор бар. Сол жерде «Smart Astana» қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Бұдан бөлек, «ДамуМед» қосымшасын пайдалануға болады.

Студенттік емханада процедурлық кабинет, электрокардиограмма, ультрадыбысты зерттеу, сондай-ақ, қан анализдерін қабылдау кабинеттері бар. Ол жерде төрт дәрігер-терапевт, кардиолог, невропатолог, психолог және бірнеше медбике отырады. Ал бірінші қабатта физиокабинет ашылған.

«Бұл - жатақхана ғимараты. Жақында біз жаңа жатақхананы аштық. Сол себепті осы жерде емхананы ашуды ұйғардық. Бізде 13,5 мың студент, магистрант пен докторант бар. Олардың барлығы қала емханаларына барып, кезекпен қызмет алатын. Әрине, олай жүрген ыңғайсыз. Себебі кезекке тұрады. Оған оқудың уақытын жұмсайды. Сосын ауру жұғады. Ол да бар. Сондықтан бір арнайы өз студенттерімізге емхана ашуға шешім қабылдадық. Оған онлайн режімде жазылуға болады», - дейді университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Айта кетейік, студенттік емхана №5 қалалық емханамен бірлесіп ашылып отыр. Ол осы мекеменің филиалы ретінде жұмыс істейді.