Елордада жедел ауруханаға жатқызу көрсеткіші 17,6 пайызға төмендеді

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы жедел ауруханаға жатқызу деңгейі 2013 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17,6%-ға төмендеді. Бұл туралы Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, primeminister.kz сайтынан хабарланды.

«Елордада жоспарланған ауруханаға жатқызу деңгейі 2013 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17,6%-ға артты. Сонымен қатар, ұсынылған мәліметтерге сәйкес жедел ауруханаға жатқызу деңгейі озы кезеңде керісінше 17,6%-ға төмендеген» делінген орталық мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Астана қаласындағы халықтың госпитальдік науқастануы құрылымында бірінші орында «Жүктілік, босану және туғаннан кейінгі кезең» тұр, бұл 19877 оқиғаны құрайды және ауруханаға жатқызудың барлық жағдайларының 31 пайызына тең. Одан кейінгі кезекте «Қан айналымы жүйесі аурулары» - 9867 оқиға (15,4 пайыз), ал үшінші орында - «Несеп-жыныстық жүйе органдары аурулары» - 4768 науқас (7,4 пайыз).

«Бұдан өзге, ас қорыту органдары аурулары, жарақат алу және улану, тыныс алу органдары аурулары, өскін және жүйке жүйесі аурулары сияқты аурулармен ауруханаға жиі түсіп жатады. Өз кезегінде, балалар арасында кең тараған аурулар - тыныс алу органдары аурулары, туа біткен ауытқу (даму кемтарлығы), жүйке жүйесі аурулары, босанған кезде пайда болатын басқа да жағдайлар, жарақат алу және улану» делінген баспасөз баянында.