Елордада жедел жәрдем бригадалары жарысқа түсіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін Астанада Жедел жәрдем бригадаларының ІІІ республикалық жарысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы жедел жәрдем қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған бұл шара 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

«Мұнда жеңіске жету мақсат емес, тәжірибе жинап, жетілу маңызды. Мұның барлығы жедел жәрдем қызметін жаңғырту аясында жүргізіліп жатыр. Үш жыл ішінде болған оң өзгерістер байқалып жатыр. Олардың мәртебесін де көтеру қажет, себебі жедел жәрдем - өте жауапты жұмыс», - үшінші республикалық жарыстың модераторы Мадина Әбдірахманова.

Сайыста шұғыл, ауыр жағдайдағы науқастарға көмек көрсету бойынша тапсырмалар беріледі. Әр станция педиатрия, босану, жарақат, жүрек-өкпе реанимациясы сынды ең өзекті бағыттарға арналған. Тапсырманы орындауға 15 минут беріледі. Ұпайлар баллдық жүйе бойынша есептеледі және үш бақылаушы баға береді. Мұнда топтың жылдамдығы,  ұжыммен жұмыс істеуі, медициналық көмекті көрсетудегі дұрыс алгоритмі ескеріледі. 

Республикалық жарысқа 18 команда қатысуда, оның бірі арнайы шақыртумен келген литвалық команда болса, тағы бірі - жеке Интертич компаниясы.

 «Біз науқасқа 8 минутта жетуіміз керек және көп жағдайда бұл норманы орындаймыз. Бізге көліктер ғана кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, Қазақстанмен салыстырғанда, біздің елімізде жүргізушілер жедел жәрдем көлігіне жол береді. Кейбір қазақстандық көлік иелері жедел жәрдемге жол бермейді екен, бұл қызық», - дейді литвалық қатысушы Ритис Малашаускас.

«Оқиға» орнында манекендер мен шартты науқастар пайдаланылды. Медициналық колледж студенттері шартты науқастар рөлін атқаруда.