12:36, 24 Сәуір 2009
Елордада жекелеген мекемелердегi жұмыспен қамтылған мамандар да, жалақы мөлшерi де артты
АСТАНА. Сәуiрдiң 24-i. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - 2009 жылғы қаңтар мен ақпан айларында Астананың 50-ден астам адамы бар iрi және орта кәсiпорындарында және шағын (1-50 адамы бар) мемлекеттiк бюджеттiк мекемелерде,
банкiлерде, сақтандыру ұйымдарында, қоғамдық бiрлестiктер мен қорларда жұмыспен қамтылған қызметкерлердiң орташа саны 183,7 мың адамды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының Статистикалық департаментiне сiлтеме жасап.Бұл 2008 жылғы сәйкес кезеңнен 3,3 пайызға көп. Олардың орташа айлық жалақысы 87 958 теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15,5 пайыз өсiмдi көрсетiп отыр. Астана қаласының Еңбекпен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының деректерi бойынша жұмысқа орналастыру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға 2009 жылғы қаңтар - наурызда 4034 адам жұмыс сұрап келген. Оның iшiнде 1169 адам, яғни жұмыс сұрап келгендердiң 28,9 пайызы орналастырылды. Жұмыссыздар ретiнде есепте тұрған азаматтар саны 2009 жылғы наурыздың соңында 3 522 адам болды. Осы айдағы экономикалық тұрғыдан жұмысқа жарамды адамдардың қатарынан тiркелген жұмыссыздар үлесi 1,0 пайыз. Бұл көрсеткіш 2008 жылғы наурызда 0,6 пайыз болатын. 2009 жылғы сәуiрдiң 1-iндегi мәлiметке сүйенсек, қаладағы 147 кәсiпорын мен ұйымдардан 1276 бос орынға жұмыскерлер қажет деген өтiнiмдер түскен.