Елордада жеңіл атлетикадан ашық чемпионат басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жеңіл атлетикадан ашық чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының ересектер мен жасөспірімдер арасында Nur-Sultan Open 2021 ашық чемпионаты басталды.

Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, елорда әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы жеңіл атлетика федерациясының президенті Алтай Көлгінов қатысты.

Министр елімізде жастардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

«Qazaqstan жеңіл атлетика кешені мың көрерменге арналған, кез келген дәрежедегі халықаралық жарысты, әлемдік додаларды өткізуге болады. Өздеріңіз білетіндей, жеңіл атлетика спорттың кең тараған түрі. Бүгінгі таңда, Қазақстан жеңіл атлеттері Олимпиада, әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Бұл спорт түрінен Олимпия ойындарында алғашқы алтынды 2000 жылы Сиднейде (Аустралия) Ольга Шишигина иеленді. Сонымен қатар Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова секілді әлем мойындаған спортшыларымыз бар.

Алдағы уақытта да еліміздің атын танытатын жас спортшылар көптеп шығады деген үміттеміз. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Баршаңызды, жеңіл атлетика кешінінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Ашық чемпионат жеңіл атлетиканың 5 түрінен (ядро лақтыру, 4*200 метрге аралас эстафета, ұзындыққа секіру, жүгіру және жеңіл атлетикалық жүріс) өтіп жатыр. Жарысқа СҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысы мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласынан келген 150-ден астам спортшы қатысып жатыр.