Атап айтқанда, № 9/10 «Астана — Алматы», № 85/86 «Астана — Шымкент» бағытындағы «Тальго» пойыздары мен № 6803/6804 «Астана — Атбасар», № 7502/7501 «Астана — Павлодар», № 7507/7508 «Астана — Көкшетау» электр пойыздары арнайы тақырыптық безендірумен жолға шықты.
— Бұл бастама Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақстандық қаһармандардың рухына тағзым етуге арналады. Пойыз вагондарына қазақ халқының батыр перзенттері — Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Нүркен Әбдіров, Төлеуғали Әбдібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтің портреттері орналастырылды, — делінген хабарламада.
Мерекелік пойыздармен сапарға шыққан жолаушылар ерекше безендірілген вагондарға қызығушылық танытып, естелік суретке түсіп жатты.
Бұл игі бастама тарихи сананы жаңғыртып қана қоймай, жолаушыларға жол үстінде ерекше әсер сыйлайды. Тақырыптық безендірілген пойыздар мамыр айының соңына дейін қатынайды. Осы уақыт ішінде елорда тұрғындары мен қонақтары сапар барысында батырлар ерлігіне құрмет білдіріп, тарихпен рухани үндесе алады.
Бұған дейін Көлік министрлігі жекеменшік пойыздарға тексеру жүргізіп, кемшіліктерді анықтағанын жаздық.