Елордада «Жер - біздің ортақ үйіміз» атты балалар арасындағы XІІ ұлттық экологиялық көрме-конкурсының жабылу рәсімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Жер - біздің ортақ үйіміз» атты балалар арасындағы XІІ ұлттық экологиялық көрме-конкурсының жабылу рәсімі өтті.

Онда бір апта бойы «Бурабай» ұлттық саябағында болып, өз туындыларын салған еліміздің барлық өңірлерінің жас қылқалам шеберлері шығармашылықтарын таныстырды. Сонымен қатар жобаға қатысушылар арасында үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, байқаудың бас жүлдесі атыраулық Айдана Төлегеноваға бұйырды. Ал жүлделі үш орын Петропавл мен Қарағандыдан келген жас суретшілердің қанжығаларын майлады.

Байқау төрешілері балалардың үйден салып келген өнер туындыларын да бағалап, өнер жайындағы кітаптарды сыйға тартты. Мәселен, «Табиғатқа сыйға тартылған бір күн» аталымында «Құс ұясы» атты туындының авторы Рустам Залияев, «Табиғатпен бірге» аталымында «Әлем - бүркіт көзімен» атты еңбектің авторы Арайлым Мақсотова, «Аңыздағы менің өлкем» аталымында «Ұйқы» атты туындының авторы Наиля Жүрсінова марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жер - біздің ортақ үйіміз» атты балалар арасындағы XІІ ұлттық экологиялық көрме-конкурсы ағымдағы жылдың 22-28 маусым күндері аралығында «Бурабай» ұлттық саябағында өткен еді.