Елордада «Жер сағаты - 2019» халықаралық акциясы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 19.30-22.00 аралығында Астанадағы «MEGA Silk Way» СОО «Жер сағаты- 2019» халықаралық акциясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығына сілтеме жасап.

«Жер сағаты» - бұл ғаламшар табиғаты мен ресурстарына ұқыпты және жауапты қарауға назар аударатын дүниежүзілік экологиялық акция. Оған бүкіл әлем бойынша 2 млрд.-тан астам адам қатысып, 175 елдің 7 мың қаласының тұрғындары қосылады.

Биылғы жылы акция осымен 13-ші рет ұйымдастырылып, барлық адамдарды наурыз айының соңғы сенбісінде жергілікті уақыт бойынша 20:30-дан 21:30-ға дейін жарықты өшіруге шақырады. Жыл сайын акция аясында Биг-Бен және Вестминстер сарайы, Эйфель мұнарасы, Колизей, Египет пирамидалары, Ватикандағы Әулие Петр Соборы, Афина акрополі, Сидней опера театры, Нью-Йорктегі Эмпайер-стейт-билдинг және тағы басқа әлемге танымал көрікті жерлерде бір сағатқа жарық сөндіріледі.

Сол секілді Астанада да бүгін сағат 20.30 - да ең танымал ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы уақытша сөндіріледі. Атап айтқанда ЭКСПО-дағы «Нұр-Әлем» сферасы, «MEGASilkWay» СОО, «Мәңгілік Ел» монументі, «Бәйтерек» монументі, «Астана Опера» опера және балет театры, «Қазмедиа орталығы», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимараты, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хазірет Сұлтан мешіті және тағы басқалар.

«Алдыңғы акциялар қауіпсіз азық-түлік, жаһандық жылыну, экологиялық сана мен қоршаған ортаны қорғау тақырыптарына арналды. Ал биылғы акция «Табиғатқа тағзым» деген атаумен өтеді. Жануарлар, ормандар, өзендер өздерінің проблемалары туралы айтып бере алмайды және ол мәселені шеше алмайды, бұл тек адамға ғана берілген нығмет», - делінген хабарламада.

Осы жылғы шара #earthhour2019kz #connect2earth хэштегтерімен өтеді, осы арқылы әлеуметтік желілерде жарияланатын ең үздік жазба байқауы мен зияткерлік викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы шара серіктестері ұсынған сый-сыяпаттарды ұтып алуға болады.

Айтулы шараны қала әкімдігі және ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы мен Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы өткізеді.