Шараға «Аймақ» Қазақстанда өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қоры мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы қолдау жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқтала кететін жайт, 2009 жылғы ақпанның 9-ында Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын.
«Заңның қолданысқа енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт болғандықтан біз құжаттың орындалу тетіктерін, ондағы проблемаларды талқылайтын алаң ретінде бүгінгі жиынды ұйымдастырдық. Тағы бір айта кетерлігі, «Нұр Отан» ХДП тарапынан да, басқа да қоғам институттары тарапынан да жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты заң жобалары әзірленген болатын. Дегенмен, Парламентке Үкімет әзірлеген нұсқа ұсынылып, заңның жан-жақты талқыланғанына қарамастан ондағы басым жаңалықтар үкіметтік нұсқа бойынша қабылданды», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева.
Жиын барысында Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыптасуы, өңірлердің дамуындағы мәслихаттардың рөлі, аумақтық қоғамдық өзін-өзі басқару қызметінің оң тәжірибесін бағалау мәселелері қарастырылады. Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу, яғни аумақтарды дамытуға қатысты шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді.
Конференция қатысушылар талқылау барысында барлық мүдделі тараптарға жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен өңірлердің тиімді дамуы үшін негіз болатын ұсынымдар әзірлеуді жоспарлап отыр.
Шараға орталық атқарушы орган өкілдері, ҚР Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихаттың депутаттары мен халықаралық сарапшылар қатысуда.