Елордада жылына 35 мыңға дейін сәби дүниеге келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 50 мыңға жуық отбасы пәтер кезегінде тұр. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Фото: Kazinform

- Қала күнде өзгеріп жатыр. Ең басты мәселе – бұл қалада тұратын тұрғындардың саны. Күнде өсіп жатыр. Мысалы, былтырмен салыстырғанда биыл 1,5 млн адам елордада тұратындығы жайлы ресми ақпарат шықты. 1,5 млн адам – бұл ресми тіркеліп, қалада тұратындар. Ал күнделікті миграцияны санасақ, қосымша 200 мың адам бар. Содан кейін құрылыс қызатын жаз мезгілінде тіркелмей жұмыс істейтін азаматтарды санағанда қалада 1 млн 700 мың, 1 млн 800 мың адамға жетеді. Бұл қала алдына ерекше талаптарды қояды, - деді сұхбат барысында қала басшысы.

Оның атап өтуінше, осы жылдың басында Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары әзірленді. Бұл құжат алдағы 10 жылдың ішінде елорда тұрғындары қосымша 1 млн адамға артатындығы ескеріле отырып әзірленген. Межелі жылда елордалықтардың саны 2,5 млн адамға жетпек. Мұнан бөлек, «Астананың мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін Парламенттен шығып, Президент Әкімшілігіне баруы тиіс.

«Бүгінде елордада 50 мыңға жуық отбасы пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, зейнетке шыққан адамдар бар. Осы мәселені шешу үшін «Отбасы» банкпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы банкпен аталған санаттағы адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндік ашылды», - деді ол.

Осыған дейін елорда халқының саны 1,5 млн-нан асқаны туралы жаздық.