Елордада жол ережесі камераларын тиісті құралсыз тексерген зертхана жұмысын тоқтатты

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — «Metrological Expert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыретіне қойылатын жалпы талаптарды, яғни мемлекетаралық стандарт нормаларын бұзған.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлайды. Ақпаратта айтылғандай, «Metrological Expert» ЖШС Астана қаласының апелляциялық сатыдағы сотына шағым түсірген. Бірақ, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сот қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Астана қаласы бойынша метрология саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Metrological Expert» ЖШС қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 415-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 48 хаттама толтырылды.

Әкімшілік іс қозғауға не себеп болды?

«Metrological Expert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыретіне қойылатын жалпы талаптар» мемлекетаралық стандарт нормаларын бұзу.

— Серіктестіктің тексеру зертханасында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтайтын автоматты фото және бейнетіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне тексеру рәсімін жүргізу кезінде өлшеуге арналған тиісті жабдық болмаған және қоршаған орта қауіпсіздігін жағдайы сақталмаған, сондай-ақ бастапқы жазбалары болмаған, — делінген хабарламада.

Осы орайда министрлік еске салады, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен «Metrological Expert» ЖШС-на Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 415-1-бабының 1-бөлігі бойынша 8 307 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар серіктестіктің тексеру зертханасын аккредиттеу аттестаты мен Д. С. Қапаровтың тексеруші аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске салсақ, биыл ақпанда белгілі болғандай «Сергек» елордадан кетіп, қаладағы камераларды БАӘ компаниясы басқарады