Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасының Әлеуметтік, экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының прокуроры Сабыржан Оңалбаев журналистермен болған брифингте мәлім етті.
Брифинг барысында прокурор ақпарат құралдарының өкілдерін қаладағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметінің заңдылығына жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. «Көлік бүгінде адам өміріне қатер төндіретін қауіптердің бірі саналады. Оның үстіне көліктер саны елімізде жылдан жылға көбейіп барады. Сондықтан осы мәселені реттейтін мемлекеттік органдардың барынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегендері дұрыс. Ал осы бағыттағы жұмыстарға жүргізілген тексеру жұмыстары құзырлы органдардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын талапқа сай атқармай отырғандығын көрсетті», - дейді С.Оңалбаев.
Оның сөзіне қарағанда, құзырлы органдарда қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бағдарлама жоқ және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қажетті техникалармен жарақтандырылмаған. «Мұнда тіпті жол белгілерін уақытында қою жұмыстары да талапқа сай атқарылмай отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда құзырлы органдар бір-бірімен тығыз байланысты жұмыс істеп отыр деуге де келмейді», - деді прокурор.