Елордада жол жер астына опырылып түсіп, бойжеткен зардап шекті

Фото: Фото: t.me/astanovka98

АСТАНА. KAZINFORM — Астананың сол жағалауында тасжол опырылып құлап, бойжеткен жарақат алды.

Алдымен зардап шеккен астаналық бойжеткеннің жағдайын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан сұрадық. 

— Жедел жәрдем бригадасы науқасқа оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетті. Пациент ауруханаға жатудан бас тартты, — деген хабар алдық басқармадан.

Ақпаратта айтылғандай, оқыс оқиға Керей-Жәнібек көшесіндегі «Қобыз» сарайы маңындағы аялдамада болған. 

Аталған жайтқа қатысты Астана су арнасы мекемесі де түсінік берді.

— 26 мамырда Керей-Жәнібек хандар көшесі, 18 мекенжайы маңында («Қобыз сарайы» жанында) D-1000 мм коллектордың жанынан тротуар тақтасы шөгіп, ойық пайда болды. Ойықтың түбінде су жиналған. Оқиға орнына «Астана су арнасы» мекемесінің бригадасы жедел жетті, — делінген хабарламада. 

Қазір техникалық тексеру жұмысы жүріп жатыр, жағдай бақылауда. 

— Оқиғаның мән-жайы атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша анықталады. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және қала тұрғындарына түсіністік танытқандары үшін алғыс айтамыз, — дейді Астана су арнасынан.

Бұған дейін Астанада футбол жанкүйерлері жаппай төбелесті, жанжалдың желіде тараған видеосы сотта қаралды.