Елордада ЖОО аумағында алғашқы стоматологиялық кабинет ашылды

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті өз аумағында тұтастай студенттік медициналық кешен ұйымдастырған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны болып табылады.

Аталған студенттік медициналық орталықта ЖОО тұңғыш стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл туралы astana.kz сайтына Салуатты өмір салтын сақтау орталығынан хабарлады.

Орталыққа келген әрбір студентке жедел әрі тиімді медициналық және психологиялық көмек тегін көрсетіледі, ол өз уақытын үнемдеп, анонимділігін қамтамасыз етеді.

Стоматологиялық кабинет студенттердің ғана емес, университет қызметкерлерінің де тістерін қарап, тексеріп тұрады.

«Бәрі де студенттер үшін» жобасы аясында студенттер мен университет қызметкерлеріне анонимді қызмет көрсететін «Дауа» денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда жоғары білікті психиатр, гинеколог және дерматовенеролог мамандар кеңес береді.

Айта кетейік, өткен жылға қарағанда биыл емделушілердің саны 3039 адамға артқан. 2013 жылы медицина қызметкерлері 24 567 студентті қабылдады. Аталған әлеуметтік нысандар студенттерге қолжетімді сапалы амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсету, сырқаттарды ерте анықтау мақсатында құрылды.