— Бүгінге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде «Әлем» сауда орнында жұқпалы ет өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факті тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімі міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Бұған дейін бірен-саран жағдай тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталды. Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр, — делінген хабарламада.
Осы орайда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті азаматтарды тек ресми дереккөздерге, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырады.
Сондай-ақ жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Бірер күн бұрын Ақмола облысында сібір жарасының теріге шығатын түрі тіркелгені туралы хабарлаған едік.