Елордада журналистер арасында BAQ League 2018 футбол біріншілігінің 4 маусымы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Елордада журналистер арасында BAQ League 2018 футбол біріншілігінің 4 маусымы басталды. Біріншілікте командалар А және Б лигаларында күш сынасады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

BAQ League -  Қазақстан журналистері арасында жарыстар тарихында ең бірінші толыққанды футбол біріншілігі. БАҚ лигасы журналистерді біріктіріп, оларға жаңа іскерлік байланыстар табуға көмектесу, сонымен қатар корпоративтік мәдениет пен құндылықтарды қалыптастыру және жақсарту мақсатында құрылған болатын.

BAQ League  біріншілігінің бірінші маусымы 2016 жылы өтті. Сол уақытта жарысқа қатысқан 11 команда арасында «Хабар» агенттігі бас жүлдеге ие болса, «Қазақ радиосы» вице-чемпион атанған еді. Ал жүлделі үшінші орын Астана футбол федерациясының баспасөз қызметіне бұйырды.

2017 жылдың мамырында өткен BAQ League екінші маусымында «Хабар» агенттігі тағы да өзінің мықтылығын дәлелдеді. Жүлделі екінші және үшінші орындар  «Elorda Aqparat» пен «Астана» телеарнасының қанжығасын майлады.

Ал үшінші маусымда да «хабарлықтар» үздік танылды. Екінші орын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Сараптама және ақпарат орталығының  командасына, үшінші орын «Қазмедиа» орталығына бұйырған еді.

Ал біріншіліктің төртінші маусымына мынадай 13 команда  қатысуда: «Хабар», «Хабар 24», «Спорт» газеті, Egemen Qazaqstan» газеті, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Сараптама және ақпарат орталығы, «Қазмедиа» орталығы,  «Qazaqstan» телеарнасы, «Евразия бірінші арнасы»,  «Асыл Арна» телеарнасы,  «Elorda Aqparat», «Қаламгер» агенттіктері және  «SPORTINFORM - Kazinform» біріккен командасы.