Елордада жыл басынан 60 құрылыс нысаны жұмыстарын рұқсат құжаттарынсыз жүргізген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жыл басынан бері құрылыс нысандарында 9315 тексеру жүргізілді. Бұл туралы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий қалалық мәслихатта өткен көпшілік тыңдау барысында мәлім етті, деп хабарлады astana.kz.

«Сәулет және қала құрылысы басқармасының қала аумағында қала құрылысы және архитектуралық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауды бақылау жөніндегі жұмысы туралы» тақырыбында өткен жиында оның айтуынша, 2015 жылғы 1 маусым жағдайы бойынша, қолданыстағы заңнаманы бұзудың 93 фактісі анықталған, соның ішінде 60-ы рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын жүргізу және 33-і нысандардың бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес болмауы. Сонымен қатар басқарма басшысы мәслихат депутаттарын қаладағы және қала сыртындағы аумақтарда сәулет және қала құрылыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, Астана аумағын дамыту үшін қала құрылысы құжаттамасының жобаларымен таныстырды. - 2007 жылдан бері басқарма 111 толық жоспарлау жобасын әзірлеу мен түзетуге тапсырыс берген. Соңғы алты жылда басқарма 21 халықаралық және республикалық үздік эскиз идея және нысандар тұжырымдамасы конкурсын өткізді, олардың ішінде 12-сі сәулеттік, бесеуі қала құрылысына арналған және төртеуі мүсіндік, - деді В.Силецкий. В.Силецкийдің айтуынша, Астанада жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сәйкес, қала бойынша тұрғын алаптарындағы жалпы саныы 4458 көлікке арналған 25 көлік тұрағы тиісті мақсатта пайдаланылмағаны, соның ішінде 170 көлік орны басқа мақсатта қолданылып жатқаны анықталды. Шараға қалалық мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов, қалалық мәслихат депутаттары, мүдделі құрылымдар мен ведомство өкілдері және Астана қаласының тұрғындары қатысты.