Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері тұрақты түрде қоғамдық орындар мен қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Соңғы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілген режімде жүргізілуде.
«Осы аптаның демалыс күндерінде, яғни 12-15 сәуір аралығында елордалық тәртіп сақшылары арнайы рейд жүргізіп, 2 мыңнан астам құқықбұзушылықтарды анықтады»,-дейді басқарма бастығы.
Оның деректерінше, 12 сәуір күні учаскелік полиция қызметкерлері қоғамдық орында қоқсық лақтырған 3 азаматты ұстаған. Аталған азаматтар полиция қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан, заңсыз әрекеттерін жалғастыра берген. Нәтижесінде оларға қатысты тиісті құжаттар толтырылып, мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен тәртіп бұзушылар 1 тәулікке қамауға алынды.
«Сонымен қатар астанадағы дәмханалардың бірінің қызметі тәртіп сақшыларының ықпалымен тоқтатылды. Дәмхана иесі тәртіп сақшыларының ғимарат ішінде темекі шекпеу жөніндегі ескертулеріне қарамастан, дәмханада отырғандарға темекі шегуге рұқсат берген»,-деді Б.Есенбай.
Сондай-ақ, елордалық полицейлер қаланы абаттандыру мен инфрақұрылымдық нысандарды және жасыл желектерді бұзу жағдайлары бойынша да тексеру шараларын жүргізіп отырады. Өткен 2011 жылы бұл бағытта 10 мың әкімшілік құықбұзушылық анықталып, 11 миллион теңгеге айыппұл салынды.