Елордада жыл басынан бері туу көрсеткіші артып, өлім көрсеткіші төмендеді

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласы халқының саны 2013 жылғы 1 қазан жағдайында 804 474 адамды, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 366 775 (45,6%), Есіл ауданында 111 055 (13,8%), Сарыарқа ауданы бойынша 326 644 (40,6%) адамды құрады. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Статистика департаментінен хабарлады.

«Жыл басымен салыстырғанда, Астана қаласындағы халықтың жалпы саны 26 276 адамға, соның ішінде Алматы ауданы бойынша - 3 093 адамға, Есіл ауданы бойынша - 8 318 адамға, Сарыарқа ауданы бойынша 14 865 адамға көбейді», - делінген ведомство ақпаратында. Үстіміздегі жылдың 9 айында жалпы Астана қаласы бойынша 16 315 сәби дүниеге келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% артық. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 15,8% көтерілді және 13 724 адамға жетті. Осы аралықта қалада 2 591 адам қайтыс болды, бұл 2012 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 2,3% аз. Қаңтар-қыркүйекте 1 жасқа дейінгі балалар өлімінің 139 жағдайы тіркелді, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 29 жағдайға төмен. Сәбилер өлім-жітімінің коэффициенті 8,52-ні (2012 жылғы қаңтар-қыркүйекте - 11,59) құрады. Халық өлімінің негізгі себептерінің ішінде ең үлкен үлес салмақты, қан айналымы жүйесі аурулары - 36,3%, өскіндер - 17,3%, жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану 15,6% алады. 2013 жылғы қаңтар-қыркүйекте АХАТ органдарында тіркелген некелесулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%, ажырасулар саны 16,9% артқан.