Елордада жыл сайын 300-ден астам бұқаралық спорттық шара өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын 300-ден астам түрлі бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Жылқыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында апта сайын түрлі спорттық шара өтіп жатады. Жазда жүгіруден үлкен марафон өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтың құрметіне арналған халықаралық жарыс өтпек. Жарысқа 10 шақты елден жас спортшылар қатысады. Бұған дейін жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өту керек еді. Өкінішке қарай, пандемияның салдарынан кейінге шегерілді», - деді Самат Жылқыбаев елордада қысқы триатлоннан өтіп жатқан жарыс барысында.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары елордада бұқаралық спорт қарқынды дамып жатыр.

«Жыл сайын қалада 300-ден астам түрлі деңгейдегі бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Жыл санап астаналықтар арасында салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатындардың санып артып келеді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада қысқы триатлоннан жарыс өтті.

Сондай-ақ, аталған шарадан түскен қаржының паратриатлон спортын дамытуға жұмсалатыны айтылды.