Елордада жыл сайынғы «Қамқорлық» республикалық акциясы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 қаңтар - 10 ақпан аралығында Астанада «Қамқорлық» республикалық акциясы өтеді, деп хабарлады astana.kz.

Мақсаты - тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың басқа санаттарына әлеуметтік көмек көрсету. Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, акцияның басты міндеттерінің бірі - оқушылардың сабаққа бармауының себебін анықтау, материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін іс-шараларды қолдану, қоғамды аз қамсыздандырылған және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық қызметті жүзеге асыру. Акция аясында келесідей іс-шаралар өткізіледі: 1) тұрмысы төмен отбасыларды, қараусыз және бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу; 2) мектеп жасындағы балалардың себепсіз мектепке бармау жағдайларын анықтау үшін білім беру ұйымдарының өкілдері, медицина қызметкерлері, ата-аналар, ішкі істер органдары, ПИК өкілдері енген жұмыс тобының қызметін белсендіру; 3) халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларға материалдық көмек көрсету бойынша іс-шаралар, соның ішінде жалпыға міндетті оқу қорынан; 4) мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың өкілдерінен, меценаттар және демеушілерден тұрмысы төмен отбасыларға қамқоршыларды бекіту. Өткен жылы «Қамқорлық» акциясы аясында 23 913 269 теңге жиналды және әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларға көмек көрсетілді.