Елордадағы бейнебақылау жүйесі тұрғындардың жеке өміріне қол сұқпайды

АСТАНА. KAZINFORM – Astana Smart City ахуалдық орталығының басқарушы директоры Айбек Ахметбеков бейнебақылау жүйесі тұрғындардың жеке өміріне қол сұқпайтынын және тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Оның сөзінше, Astana Smart City жобасы аясындағы ахуалдық орталық ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалалық қызметтердің жұмысын жетілдіруге бағытталған.

– Әрине, жоқ. Astana Smart City жобасы аясындағы ахуалдық орталық ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалалық қызметтердің жұмысын жақсартуға бағытталған. Бізде тек дербестендірілмеген деректер сақталады, яғни жеке деректер жиналмайды. Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – қаланың өзінің қорғалған цифрлық деректерді өңдеу орталығы бар. Онда тек дербестендірілмеген мәліметтер сақталады. Егер қандай да бір оқиға тіркеліп, құқық қорғау органдарына жеке деректер қажет болса, онда олар заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті сұрау салу арқылы беріледі. Біз тек оқиғаны тіркеп, оны жауапты органдарға жолдаймыз. Ал әрі қарай бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысады, – деді Айбек Ахметбеков Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ ол бейнекамералар құқық бұзушылықты тіркегеннен кейінгі әрекет ету тәртібін түсіндірді.

– Әрбір оқиға бойынша нақты алгоритм қарастырылған және оған жауапты қызметтер белгіленген. Мысалы, егер азамат қоқысты белгіленбеген жерге тастаса немесе заңсыз қоқыс үйіндісі анықталса, бұл мәселемен Ахуалдық орталығында жұмыс істейтін Полиция департаментінің қызметкері айналысады. Ол ресми түрде оқиға карточкасын тіркейді, содан кейін аумақтық тиесілігіне қарай аудан әкімдігін хабардар етеді және әкімшілік материалдарды рәсімдеу жұмыстары басталады. Оқиға әрі қарай жедел басқару орталығына жолданып, жауапты қызметтер бірлесіп жұмыс жүргізеді. Ахуалдық орталықтың артықшылығы барлық оқиға бірден тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жедел түрде жеткізіледі, – деді ол.

Бұған дейін Астанада 60 мыңнан астам камера қала тазалығын бақылайтынын жазғанбыз.