Елордадағы дәмханада уланғандар саны 20-ға жетті: тергеу жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Кеше елордадағы «Көктем» дәмханасынан ас ішкен адамдардың ішек инфекциясынан жаппай улану жағдайы тіркелді.
Бұл туралы Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлім етті.
— Бүгінде астан уланғандар саны 20 адамға жетті, оның 11-і бала. Аталған факті бойынша дәмханада эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Зертханалық зерттеулерге тағам өнімдері, сыртқы ортадан алынған жұғындылар, сондай-ақ қызметкерлер тексерілді, — деді Жанна Пралиева.
Қазір зертханалық сынақ нәтижелері әзірленіп жатыр.
— Тергеу және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, жаппай улану жағдайының тіркелуіне байланысты полиция басқармасы тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — дейді ол.
Бұған дейін елордада «Көктем» дәмханасының асынан он адам уланғаны туралы жазған едік. Қазір олардың жағдайы — орташа ауыр.
Еске салсақ, өткен жылы СҚО-да бір отбасы астан уланып, 2 бала қайтыс болды.
Жыл басында Маңғыстау облысына қарасты Қызылсай ауылында балабақшада балалар астан уланды.
Сондай-ақ Түркістанда суши жеген 22 тұрғын уланып қалғаны туралы жазған едік.