Елордадағы EXPO қалашығы Цифрлық даму министрлігінің қарамағына өтеді

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы EXPO қалашығы Цифрлық даму министрлігінің қарамағына өтеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

— Бәрі рас, QazExpoCongress компаниясын Цифрлық даму министрлігінің қарауына беру туралы шешім Үкімет қаулысымен қабылданды. Осы жылдың 1 шілдесінен өтуі тиіс. Осынау ЭКСПО қалашығын одан ары қарай дамытуға қатысты жоспарымыз бар. Бұл еліміздің экономикасын дамыту үшін өзінің инновациялық үлесін қосатын қалашыққа айналуы тиіс, — деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді. 

Отырыс соңында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қоятынын айтты.

— Үкімет жұмысында жетістіктер де, қателіктер де болады. Өмір болғаннан кейін қателіксіз болмайды. Бірақ, ең басты айтатыным, Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қояды. Сондықтан алдағы уақытта да ортақ жұмысымыз жемісті болсын, — деді Олжас Бектенов.