Елордадағы LRT нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда тұрғындарының LRT-ға деген қызығушылығының артуына байланысты ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері станцияларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

Фото: Ұлттық ұлан

Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалауға, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, жолаушылар қозғалысын реттеуге көмектеседі.

Станциялардағы тұрақтылықты үйлестіру қажеттілігі жолаушылар ағынының және тұрғындардың жаңа көлік объектісіне деген сұранысының артуына байланысты туындап отыр.

Фото: Ұлттық ұлан

Қоғамдық тәртіп әскерінің сарбаздары станциялардың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да қызмет атқарады. Дәлірек айтсақ, азаматтарға көмек көрсетеді және жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Негізгі міндет — елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылады.

— Қазіргі таңда қызмет 17 станцияда екі ауысымдық режиммен жүргізіліп жатыр. Станцияларда жолаушылар ағынын реттеуге және тұрақтылықтың сақталуына басымдық беріліп отыр. Аталмыш шаралар полиция қызметкерлерімен, көлік қызметтерінің өкілдерімен және LRT әкімшілігімен тығыз бірлесіп ұйымдастырылған, — делінген хабарламада.

Фото: Ұлттық ұлан

Осыған дейін Астанадағы LRT-ға «Тарлан Астана» атауы берілуі мүмкін екенін жазғанбыз.