Елордадағы студент өліміне қатысты толық ақпарат жоқ – Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордадағы студент өліміне қатысты толық ақпарат жоқ екенін айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Бұл қайғылы оқиғаға қатысты бізде әлі толық ақпарат жоқ. Әдеттегідей бүкіл ақпаратты Ішкі істер министрлігіне тапсырдық. Тергеу басталды ма, жоқ па, оған қатысты мәліметіміз жоқ. Ішкі істер министрлігімен келіскеніміздей, осындай оқиғаларға қатысты ақпаратты солар беріп тұрады, - деді министр Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сондай-ақ ол студенттің жоғалып кеткені туралы ақпараттан бейхабар болғанын айтты.

- 2,5 жыл бұрын Ішкі істер министрлігімен арнайы келісімшартқа қол қойылды. Бүкіл университетіміздегі бейнекамералар ішкі істер органдарының Ахуалдық орталықтарына 100 пайыз қосылды. Осындай жағдай болғанда бірден пультқа түседі, - деді ол.

Айта кетейік, «Волонтеры Астаны LIDER.KZ» қоғамдық ұйымының Instagram парақшасында 11 қараша күні 19 жастағы Темірхан Темірланның жоғалып кеткені туралы хабарлама шыққан еді. Ал 14 қарашада осы ұйым жас жігіттің өлі табылғанын мәлім етті.

Бұған дейін Көкшетауда колледж студенті жатақханада көз жұмған болатын.