Елордадағы түнгі өрт: саунадан шыққан жалын коттеджге өткен

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Алматы ауданындағы Сілеті көшесінде екі қабатты сауна ғимаратынан өрт шықты. Жалын саунаның бір қабатты жапсарлас құрылысына, кейін жақын орналасқан екі қабатты коттедждің жапсарлас құрылысына тарады, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ

– Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде ғимарат ашық жанып, жалын өршіп кеткен еді. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіру үшін үздіксіз су жеткізу ұйымдастырылып, бірнеше өрт оқпаны енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде коттеджді өрттен қорғап, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ, – деп хабарлады ТЖМ.

Өртті сөндіру жұмыстарына қою түтін кедергі жасап, жоғары температура және жалынның жылдам таралуы жағдайды қиындата түскен. Өрттің өршуіне жанғыш материалдардың көп мөлшерде болуынан туған жоғары өрт жүктемесі әсер етіпті.

Осылайша, 540 шаршы метр аумақты шарпаған өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. ТЖМ мамандары өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

Айта кетейік, кеше Астанада көпқабатты тұрғын үйдің бірінде өрт шықты.  

Сондай-ақ 31 мамыр күні елордада жол үстінде тұрған жол талғамайтын көлік өртеніп, 5 адам зардап шекті.