Елордадағы 12 көшеге тарихи тұлғалардың есімін беру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана қаласының көшелеріне атау беру бойынша елорда мәслихаты тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста алғаш болып баяндама жасаған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ономастика комиссиясының қорытындысына сай, бас шаһардағы 12 көшеге танымал тарихи тұлғалардың есімін беруді ұсынды.

«Алматы» ауданы бойынша А23 жобалық көшесіне Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері, майдангер-жазушы, білікті журналист, прозашы – Әскен Нәбиевтің есімін беру ұсынылды. Әскен ағамыз осы жердің тумасы, келер жылы қаламгердің туғанына мерейлі 100 жыл толмақ. Айта кету керек, бұл ұсыныс қала мәслихаты тарапынан да жолданған болатын. Ал А24 жобалық көшесіне ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Сырбай Мәуленовтің атын беру қолдау тапты.

«Есіл» ауданы бойынша Е12 жобалық көшесіне қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры – Мәншүк Мәметованың есімін беруді ұсынамыз. Айта кету керек, қазіргі М. Мәметова көшесі Байқоңыр ауданында орналасқан, өте қысқа, ұзындығы 100 метрдей ғана. Биыл Мәншүк апамыздың туғанына мерейлі 100 жыл. Сондықтан батыр апамыздың есімін лайықты көшеге ауыстырып отырмыз. Е20 жобалық көшеге әйгілі академик, энергетик-ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстандағы энергетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі –Шапық Шөкиннің атын беру орынды деп есептейміз. Е753 жобалық көшеге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым, білікті дәрігер, профессор, педагог – Санжар Асфендияровтың есімімен атау ұсынылып отыр.

«Сарыарқа» ауданы бойынша 187 жобалық көшеге балалалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы, бәріміз білетін «Менің атым Қожа» шығармасының авторы – Бердібек Соқпақбаевтың атын беру ұсынысы бар. Биылғы жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялағанын жақсы білесіздер. Сондықтан аталған қаламгердің дәл осы жылы ұлықтаудың да мазмұндық мәні зор», - деді басқарма басшысы баяндамасында.

Мегаполис көшелерінің біріне Бейбарыс Сұлтанның есімін беру жоспарланып отыр.

«189 жобалық көшеге қазақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл мәмлүктердің сұлтаны болған, тарихтағы аса көрнекті қолбасшы – Бейбарыс Сұлтанның есімін беруді қолдауларыңызды сұраймыз. Айта кету керек, келер жылы Бейбарыс Сұлтанның туғанына мерейлі 800 жыл толады.

Сонымен қатар «Алматы» ауданы бойынша № 23-16 көшесі мен Мағжан Жұмабаев даңғылын біріктіріп – Мағжан Жұмабаев даңғылы деп атауды ұйғардық. Өйткені 23-16 көше кейіннен салынған және Мағжан Жұмабаев көшесінің жалғасы. Ал Гейдар Әлиев көшесіне – Қостанай облысындағы елді мекен атауы – Диханкөл деген атты беруді ұсынамыз. Бұқар жырау көшесінен басталып (Ботаникалық саябақ), № 29/1 көшесінде аяқталатын Сауран көшесінің қысқа бөлігін Әзербайжан Республикасының тұңғыш президенті және мемлекет қайраткері – Гейдар Әлиевтің атымен атауды ұсынамыз.

Мұнымен қоса, «Байқоңыр» ауданы бойынша Мәншүк Мәметова көшесіне Іле өзені бойында XII-XIII ғасырда өмір сүрген ортағасырлық солтүстік аймақтағы ірі қаланың атауы Қарамерген деген атты ұсынамыз», - деп мәлімдеді Сәкен Есіркеп.

Бұдан өзге, бұрын Сәбит Мұқановтың есімімен аталған көшеге Ақмола облысындағы Қостомар елді мекенінің атауын беру ұсынылды. Дегенмен бұл бастама депутаттар тарапынан қолдау таппады. Сондықтан Қостомар атауының орнына Мәдениет және спорт министрлгінің ономастикалық жұмыста қолдануға ұсынған «Тарихи тұлғалар» мен «Жер-су атаулары» тізімінен басқа атау қарастыру тапсырылды.