Елордадағы №38 қазақ мектеп-лицейі 10 жылдығын атап өтеді

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Астана қаласындағы №38 қазақ мектеп-лицейі өзінің іргетасы қаланғанына 10 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өтеді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл №38 қазақ мектеп-лицейінің ашылғанына 10 толып отыр. 1999 жылы жаңа үлгіде салынған осы білім шаңырағын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, алқызыл лентасын қиып, жас ұрпаққа ақ тілегін арнаған болатын. Бұл мектеп-лицейдің ұстаздары сол күннен бастап өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Жамал Базарқұлқызы Қасымбек басшылық жасайтын ұжымда тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді. Дарынды балалармен жұмыс істеу ісі өте жақсы жолға қойылған. 5 сыныптан бастап 11 сыныптың аралығындағы оқушылар ғылыми жұмыстармен айналысады. Олимпиадалық резерв мектебі бар. Бұл білім ордасында ұлттық бірыңғай тест сынағына дайындық қалыптасқан дәстүр бойынша әр жылы қыркүйектің 1-нен басталады.

«Биылғы түлектеріміз мемлекеттік сынақта жоғары нәтиже көрсетті. Бұл біздің мектеп-лицейдің онжылдық мерейтойына шәкірттеріміздің жасаған лайықты сыйлығы мен құрметі деп білеміз. Өткен жылы түлектеріміздің білім көрсеткіші 94 пайызды құраған болса, биыл 101 пайызға жетті. Осы білім ұясында тәлім алған шәкірттер алдағы уақытта да үлкен жетістіктерімен қуанта беретініне кәміл сенемін», дейді Жамал Базарқұлқызы.