Елордадағы Ақбұлақ өзенінің жағалауы салтанатты түрде ашылды

Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда күніне орай Ақбұлақ өзенінің жағалауы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Алатау» спорт сарайының жанындағы алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, ал аниматорлар кішкентай бүлдіршіндердің көңілін көтерді.

«Мұндай іс-шаралардың ашық аспан астында өткені керемет. Біз жақын жерде тұрамыз. Жалпы, маған Елорда күні ұнайды. Қала күн санап өзгеріп жатыр, үнемі болмаса да, көптеген қызықты іс-шараға баруға болады», - деп ой бөлісті астаналық Александра Феоктистова.

Іс-шараның ерекшелігі – кез келген адам өз тілегін білдіре алатын алғыс тақтасы қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тақтайға ата-анаға, балаға, жұбайына, қалаға, әлемге «рақмет» деп жазуға болады.


«Маған Астанамыздың барынша көркейгені ұнайды. Бүгін қаламыздың 25 жылдығы аталып өтіп жатыр. Бұл мереке балалар мен ересектерге ерекше көңіл-күй сыйлайды, ал жағалау маңайы айтарлықтай өзгерді», - дейді қала тұрғыны Арман Кеңесов.

Сондай-ақ, Байқоңыр ауданында өткен іс-шарада меценаттар әлеуметтік осал топтардың балаларына маусымдық киім сатып алуға сертификаттарын табыстады.

Айта кетейік, биыл Ақбұлақ өзенінің жағасында Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін асфальт төселді, балалар ойын алаңы мен workout-аймақтар, көпір астындағы жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталды. Сондай-ақ, мұнда 25-тен астам орындық пен қоқыс тастайтын жәшіктер, 20-дан астам жарықтандыру тірегі орнатылып, 90-нан астам ағаш отырғызылды.