Елордадағы «Алау» мұз айдынында жаппай сырғанаулар өткізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2-11 қаңтар аралығында Астанадағы «Алау» мұз айдын сарайында жаңа жылдық жаппай сырғанаулар өткізілуде.

Мұнда келушілер сағат 9:00-23:00 аралығында коньки тебе алады. Бастапқы кезеңде жай коньки немесе ролик тебе білу керек. Ал шеберлігін шындағысы келетіндерге кәсіби коньки тебушілерді дайындауға мамандандырылған «Алау» фитнес-орталығы өз қызметін ұсынады. Бұдан басқа, аренада жаңадан келгендерге стюарттар сырғанау мәнерін үйретеді. Бір сеанстың құны жеңілдетілген билет бойынша 250-1000 теңге, ал толық билет 500-1500 теңге көлемінде. 37-44 аяқ киім өлшемдері бойынша конькилер жалға беріледі. Сарайда ұсынылатын қызметтер кешеніне конькилерді қайрау да кіреді, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында. «Алау» - заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, әлемдік деңгейдегі мұз сарайы. Сарай 8000 орындық мінбесі бар ұзындығы 400 метрлік мұз жолынан, екі хоккей алаңынан, төреші алқасы залынан, баспасөз мәслихатын өткізуге арналған конгресс залдан, спортшылардың киім ауыстыруына арналған шешінетін бөлмелерден тұрады.