Елордадағы Алматы ауданының бір мыңнан астам үйі қысқа дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Алматы» ауданында бекітілген графикке сәйкес 1035 тұрғын үйдің 1003 қыс мезгіліне дайын. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Сонымен бірге 255 жылу есептегіш құрылғысының 252 орнатылды, бұл «Астана Жылутранзит» АҚ инвестициялық бағдарламасына сай 99% құрайды. 38 су есептегіш құрылғысының 31 орнатылды», - делінген хабарламада. Бүгінде Астананың барлық аудандарында қысқа дайындық жұмыстары аяқталуда. 2120 тұрғын үйдің 1994 барлық жұмыстар аяқталды.

71 елордалық мектеп қысқы маусымға сақадай сай. «Мектепке дейін тәрбие беру және денсаулық сақтау мекемелері де жылыту маусымына әзір», - деп хабарлады аудандық әкімдіктерден.

Осыған дейін хабарланғандай, бір маусымда қаланың энергия көздерінен шамамен миллион (1 939 мың) тонна көмір (28 943 вагон), 20 327 тонна мазут (376 цистерна) жұмсалды. Жылыту маусымы кезінде 1 426 млн. кВт/сағ электр энергиясы мен 4 328 мың Гкал жылу энергииясы жұмсалды.