Елордадағы «Аналар кеңесі» бала тәрбиелеу тәжірибесімен алмасу үшін «Даналық маржаны» клубын құрмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Көмек-Help» әлеуметтік көмек орталығында Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің мүшелері меценаттармен және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қайырымдылық жасаушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Былтырдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық қызметпен айналысып келеді. Осындай жобалардың бірі «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы болып табылады, оның басты мақсаты - қоғамда қайырымдылықты, гуманизмді және риясыз көмекті қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде бекіту.

- Аналар кеңесі ем қабылдап жатқандарға және материалдық көмекке мұқтаж жандарға көмектеседі. Елордалық аналар кеңесінің арқасында Астананың үш ауданында да осы сияқты кеңестер құрылды. Олар жер-жерлерде материалдық және басқа да көмек көрсетуді қажет ететін отбасыларды өз бақылауына алады, - деді Астана қаласының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова.

Аналар кеңесіне жеті адам кіреді. Аудандық деңгейде де тиісті ұйымдар құрылды. Кеңес өкілдері балаларды тәрбиелеу тәжірибесімен алмасу үшін аналарға - түрлі этнос өкілдері үшін «Даналық маржаны» клубын құрмақ.

Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі консультативтік-кеңесші ұйымы болып табылады. Кеңестің басты міндеті Қазақстан халқы Ассамблеясына отбасы институтын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды тарату бойынша шараларды жүзеге асыру болып табылады.