Осыдан жарты сағат бұрын әлеуметтік желіде елорданың аспанына көк түтіннің көтерілген фотосуреті тарап кеткен болатын.
«Бүгін сағат 10.38 уақытында Өрт сөндіру қызметіне Жиенқұлов көшесі 12/2 мекенжайында өрттің шыққаны туралы хабарлама түсті. 6 минуттан кейін оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ашық аумақта құрылыс материалдары (поддондар мен пеноплекстар) өртеніп жатқанын анықтады. Жалын жалпы аумағы 100 шаршы метр жерді шарпыған», - деп хабарлайды департаменттен.
Сонымен қатар құрылыс материалдары толы 40 тонналық контейнерге де зақым келген. Сағат 11.01-де өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер немесе жарақат алғандар жоқ.