Елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде «Мұражай түні» өтеді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 мамырда «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені өзінің төл мерекесін атап өтеді. Шара ЮНЕСКО ұсынған «Мұражай және қоғамның тұрақты дамуы» тақырыбының аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana.kz.

18 мамыр - Халықаралық мұражайлар күніне арналған мерекелік бағдарлама сағат 9.00-де басталады. Шара аясында танымдық және ойын-сауық шаралары өткізіледі. Келушілер назарына Астана қаласының сол жағалауының жаңартылған макеттері, жұлдыздардың қатысуымен концерт ұсынылады, викториналық сұрақтар қойылып, конкурстық бағдарлама ұйымдастырылады.

Сонымен қатар аталмыш этномемориалдық кешен әлемнің көптеген мұражайлары секілді «Мұражай түні» акциясына қатысады, демек, 18 мамыр күні тәулік бойы мұражай есігі келушілер үшін ашық болады. Этнокешенде өткізілетін мәдени бағдарламаға асфальтқа салынған «Мұражай - менің әлемім» атты балалардың ең үздік суреті» және «Тарихи тақырыпқа арналған ең үздік театрландырылған көрініс» байқаулары енгізілді. Еске салайық, Халықаралық мұражайлар күні 1978 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл күні мұражайлардың есіктері келушілер үшін тәулік бойы ашық болады.