Елордадағы азиялық лицензиялық турнирді бүкіл әлем тамашалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 наурыз күні Қазақстан елордасында басталатын күрестен байрақты бәсекені бүкіл әлем жұртшылығы ғаламтор арқылы тамашалай алады.

Бұл туралы Әлем күрестері бірлестігінің (UWW) президенті Ненад Лалович елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

«Бұл сайысты бүкіл әлем жұртшылығы тамашалай алатындығын естеріңізге салғым келеді. Біреулер телеарналар арқылы, дегенмен, басым бөлігі Video Stream арқылы онлайн-көрсетілімді көреді. Турнирді тікелей көрсететін телеарналардың саны бүгін белгілі болады. Қалай десек те, видеокөрсетілімді әлемнің кез келген нүктесінен көруге болады».

Сонымен қатар ол соңғы әлем чемпионатында жалпы 40 млн, оның ішінде Ташкент турнирін 1 миллионнан астам, Лас-Вегас турнирін 14 миллионнан астам, ал Латвия турнирін 5 миллионнан астам адам тамашалағандығын жеткізді.

Айта кетерлігі, Астанаға шамамен 400-ге жуық спортшылар, жаттықтырушылар, техникалық қызметкерлер, журналистер мен жанкүйерлер келді. Астанада күрес түрлері бойынша Азиялық лицензиялау турнирі 18 - 20 наурыз аралығында өтеді. Жарыстарға 20-дан астам елдің спортшылары қатысады. Солардың ішінде Иран, Қытай, Жапония, Моңғолия, Оңтүстік Корея және Үндістан құрамалары бар. Онда Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға 36 жолдама сарапқа салынады. Грек-рим күресінен ерлер 59, 66, 75, 85, 98, 130 келіде, ал еркін күресте 57, 65, 74, 86, 97, 125 келіде белдеседі. Ал әйелдер 48, 53, 58, 63, 69 және 75 келі салмақ санатында үздіктерді анықтайды.